Атырауда орталық «Иманғали» мешіті жанындағы Қайырымдылық мекемесінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі 50 адамға ет таратылды.
Құрбан малының еті қозғалысы қиын, арбада отырған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлеріне жеткізілді. Ізгі шараны ұйымдастыруға мешіт жанындағы ерікті жастар атсалысты.
«Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрайды. Сонда ол:
«Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген.
Өз отбасымыздан бастап, көрші-қолаң, ағайын-туыстарға, жалпы жұртқа шарапатымызты шашып, қайырымдылығымызды көрсету – мұсылмандық әрі азаматтық борышымыз.
Алла Тағаланың бір адамның ризығы мен нығметін өзге кісілерден артық не кем беріп қоюында үлкен хикмет бар. Демек, байдың малында мұқтаждың хақысы бар деген сөз. Дәулетті кісі Алланың берген нығметін Оның разылығы жолында садақа етсе – үлкен сауапқа кенеледі» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.