Атырауда орталық мешіт мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсетті

Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешіті мүгедектер қоғамына ет жеткізіп берді.

Акция аясында мүмкіндігі шектеулі 25 адам етпен қамтамасыз етілді.

«Қайырымдылық – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен басым бағыттардың бірі. Яғни, барлық мешіттерде қайырымдылық бағытында арнайы кешенді жоспар бар. Бірнеше жылдан бері Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешіті жанынан Қайырымдылық мекемесінің жұмыс жасап келе жатқаны белгілі.

Қайырымдылық шаралары мұқтаж ретінде мешіт тізіміне енген азаматтар үшін ұйымдастырылып тұрады. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі жандарды біріктіріп отырған түрлі қоғамдарға да осылай азық-түлікпен көмек жеткізіліп отырады» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.