Атырауда орталық мешітте қайырымдылық шарасы өтті

Атырауда орталық мешіт жанындағы Қайырымдылық мекемесінің ұйымдастыруымен 40 отбасына ет таратылды. Сондай ақ, 50 отбасына киім-кешек берілді.

Әлеуметтік жағдайы төмен, жетім отбасылар, мүмкіндігі шектеулі адамдар және «Жусан» операциясымен елге оралғандар қамтылған қайырымдылық шарасы әдетте, ай сайын ұйымдастырылып отырады.

Қайырымдылық – сауабы мол амалдың бірі. Алла Тағала «Әли-Ғимран» сүресінде:

«Жақсы көрген нәрселеріңді, (мысалы дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім, т.б.) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар», – деп баяндаған.

«Исламда «садақа жария» деген ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді «садақа жария» дейді. Мешіт, медресе, аурухана тұрғызу, көше, көпір салу, ауызсуы жоқ ауылдарға су тартып, құдық қаздыру, міне, бұлар халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істер. Тіпті, мұсылманның көңілін көтеріп, үміт сыйлау, түк бере алмасақ та, оған жымиып қараудың өзі – сауап. Сауапты көктен іздеп қажеті жоқ. Ол біздің айналамызда. Қамкөңіл жанға көмек қолын созу – ол да қайырлы іс» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.