Атырауда «ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ: КЕШЕ,БҮГІН, ЕРТЕҢ» атты облыстық әйелдер форумы өтті.
Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен «Жәрдем-Атырау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты – діни экстремизм мен терроризм идеологиясы алдын алу, ұлттық құндылықтар мен тарихи сананы жаңғырту, қазақы болмыс пен салт дәстүрге негізделген құндылықтарды насихаттау.
Аталған шараға Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешіті жанындағы «Әжелер академиясының» өкілдері қатысып, дәріс оқыды.
Форумда сөз сөйлеген Атырау облыстық адвокаттар алқасының төрайымы Айсұлу Омарова отбасындағы және қоғамдағы әйел рөлінің маңызын дәріптеу мәселесіне тоқталды.
«Кешегі қазақ әйелінің даналығы арқылы қазіргі заман әйелінің, анасының, әжесінің бейнесін ашып, болашақ қазақ әйелінің болмысын қалыптастыруға серпін беруіміз қажет. Осы ретте, қазақ қыз-келіншектерін білімге, қоғамдық өмірге бағыттау және психология, тұлғалық даму, бала тәрбиесі бойынша кеңінен білім алуға шақырамын» деп атап өтті Айсұлу Омарова.
Форумда сондай ақ, қазақ әйелдерінің ұлттық киім үлгілері көрсетіліп, бірқатар дизайнерлер сән көрсетілімін назарға ұсынды.
Қазақстан қажылар қауымдастығының Атырау облысы бойынша әйелдер бөлімінің, «Әжелер академиясының» төрайымы Жұмагүл Насиқызы қазақ аналарының бас киімі – кимешектер коллекциясын назарға ұсынып, аталған тақырыпта шеберлік сағатын ұйымдастырды. Атап өту керек, аталған коллекциялар Алматы қаласындағы «Анаға құрмет» музейінің директоры Аршагүл Тойбаева арнайы әкелген жәдігерлер мен Талдықорған қаласынан арнайы келген жеке кәсіпкер Айнаш Рыскелдинова алып келген қасабалар коллекциясы арқылы жасақталды.
Форум аясында Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев, дінтанушы, теолог Ернар Абзалов, ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің бас сарапшысы, психолог Гүлжан Мырзакулова, психолог, жазушы, жиһанкез, «Өмірге шексіз ғашық» кітабының авторы Динара Агалиева, журналист, жазушы, блогер, әлеуметтану магистрі, «Тұлғалар өміріндегі Ислам», «Әлем таныған мұсылмандар» кітаптарының авторы, «Marfu Press» баспасының бас редакторы Марфуға Шапиян сынды спикерлер сөз сөйлеп, құнды пікірлерін ортаға салды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.