Атырауда Құрбан айт ауқымды форматта аталып өтеді

Атырау  облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Құрбан айт мейрамы қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметі базасында брифинг өткізді.

Брифинг барысында Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы Құрбан айт мейрамының мәні, мерекеге мешіттер тарапынан дайындық, қасапханалардың дайындығы жайы туралы мәліметтер берді.

«Құрбан айт биыл 28 маусымға келіп отыр. Атырау облысы бойынша айт намазы таңғы сағат жергілікті уақытпен 6.30-да оқылады. Құрбан айт күні бұқаралық сипаттағы ауқымды шаралар жоспарланған. Орталық «Исатай – Махамбет» алаңында киіз үйлер тігіліп, бүлдіршіндерге айттық сыйлықтар таратылады. Облыс мешіттері 10 000 балаға айттық үлестіреміз деп жоспарлап отырмыз. Ниет етіп, шалынған құрбан малының еті әлеуметтік осал топтарға таратылады» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.