Құрбан Айт – 2023: қашықтықтан құрбан шалу мүмкіндігі сақталады

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы мәлімдеді.

«Құрбан айт – ұлық мереке. Шамасы келген адамға осынау мерекеде Алла разылығы үшін құрбан шалу міндет. Құрбан малының етін шамасы келгенше, міскін, мұқтаждарға бергені дұрыс. Себебі, арамызда жыл бойына ет көрмейтін отбасылар бар. Екіншіден, мереке кезінде түрлі жағдайлармен уақыты тығыз адамдар болса, қашықтықтан құрбан шалу мүмкіндігін қолдана алатынын еске саламыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жасап шығарған qurban2023.kz онлайн платформасы өз қызметін ұсынады. Адамдар құрбандыққа жарайтын малға тапсырыс беріп, онлайн есеп ала алады» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, Құрбан айт мерекесі 28 маусым күні басталады. Айт намазынан кейін құрбан шалу басталады. Құрбан шалу рәсімі 30 маусымға дейін жалғасады.