Атырауда Рамазанға арналған рухани кеш өтті

«Қош келдің, Рамазан» рухани кешіне Атырау жұртшылығы қатысты. Аймақ басшысының орынбасары Нариман Таушов, облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жұртшылықты ораза айының басталуымен құттықтады.

«Рамазан – береке-бірліктің, ізгіліктің айы. Осынау қасиетті ай ізгі амалдардың көптеп атқарылуына себепкер болғай. Рамазан құрметіне мұқтаж жандарды қолдауға арналған жобалар жүзеге асырылатын болады» деп атап өтті Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушов.

Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қасиетті Рамазан айында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған шаралар болатынын айтты.


«Рамазан – мейірімнің айы. Біз бұл айда мұқтаж жандарға көбірек қамқор болуымыз керек. Мешіттеріміз осындай ізгі істердің ордасы болып отыр. Тәуелсіздік елең-алаңында елімізде
68 мешіт болған болса, қазіргі таңда мешіттеріміз саны 2500-ден асты. Атырау облысының өзінде 38 мешіт бар» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Рухани шара облыстағы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры ұжымының сүйемелдеуімен өтті.

Көрермендер «Рамазандағы тендер» , «Шын достық» театрлық қойылымдарын тамашалап, жарапазан жырын тыңдады.

Еске сала кетелік, биыл ораза 2 сәуірде басталады. Рамазан 30 күнге жалғасады.