Атырауда селолық мешіт ауызашар қоржындарын таратты (+ФОТО)

Атырауда Дамбы селолық мешіті бірқатар мекеме қызметкерлерін Рамазан айымен құттықтап, ауызашар қоржындарын үлестірді.

Уақытпен санаспай қызмет ететін мемлекеттік мекемелер, аурухана қызметкерлеріне ауызашар қоржындарын Атырау селолық мешітінің наиб имамы Асылбек Тілепбергенұлы бастаған еріктілер тобы таратты.

«Мақсатымыз – Рамазанның жылулығын қоғамға сезіндіру болатын. Оның үстіне, ауызашар беру де сауапты іс. Ораза тұтқан кісіге бір құрма немесе бір кесе сүт берген адам да ауызашар бергендей сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Кімде-кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап бұған да беріледі» деп өсиет қалдырған» дейді Атырау селолық мешітінің наиб имамы Асылбек Тілепбергенұлы.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.