Атырауда ұстаз Смайыл Сейтбеков имамдарға семинар өткізуде

Атырауға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков арнайы сапармен келді.

Сапар аясында облыс имамдарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен бірқатар құжаттар бойынша семинар жүргізді.

Атап айтар болсақ, «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Мұсылманның тұлғалық келбеті», «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы  қызметкерінің этикасы», «Діни қызметкерлер атқаратын діни рәсімдер тізілімі», «Жеті рухани қазық» рухани тұғырнамасы, «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат», «Зияткер имам» тұғырнамасының мақсат-міндеттері туралы кеңінен ақпарат берілді.

«Біздің мақсатымыз – имамдарды жан-жақты дамыту, тұлғалық бағытын жетілдіру. Мүфтият қабылдаған құжаттардың қай-қайсы да қоғамдағы тұрақтылықты нығайту. Бұл мақсатта имамдар жетекші роль атқарады» дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков.

Семинар бір күн бойына жалғасатын болады.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.