Атырауда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Жамағат барысы – 2026» облыстық турнирі өтті.
Жаңаталап спорт кешенінде ұйымдастырылған дүбірлі додаға ауыл ақсақалдары, спортшылар, жергілікті әкімдік өкілдері және мешіт имамдары қатысты. Атап айтқанда, Бақтыгерей молла мешітінің имамы Асылбек Тілепбергенұлы да жарыстың өтуіне атсалысты.
Турнирдің ашылу салтанатында Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, ел тәуелсіздігінің қадір-қасиетіне тоқталды. Сондай-ақ азаттықтың арқасында ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, дәстүрлі спорт түрлерін дәріптеуге мүмкіндік туғанын атап өтті.
Жарыс барысында 60, 82 және 90 келі салмақ дәрежелері бойынша балуандар белдесіп, өзара мықтыны анықтады. Қатысушылар боз кілемде күш пен шеберліктің, қайсарлық пен төзімділіктің үлгісін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер:
60 келі салмақ дәрежесі:
- І орын – Жүніс Бекет (Бақтыгерей молла мешіті);
- ІІ орын – Қуандық Азиз (Анашым мешіті);
- ІІІ орын – Айтқали Әділбек (Абай мешіті, Қызылқоға ауданы).
82 келі салмақ дәрежесі:
- І орын – Ыстыбаев Нұрболат (Мәулімберген мешіті);
- ІІ орын – Нұрашев Нұрым (Ықылас мешіті);
- ІІІ орын – Аруов Аманбек (Бәйтерек мешіті, Қызылқоға ауданы).
90 келі салмақ дәрежесі (түйе балуандар):
- І орын – Қалиев Арман (Бәйтерек мешіті, Қызылқоға ауданы);
- ІІ орын – Сапарғалиев Әділет (Мақат ауданы);
- ІІІ орын – Ізғалиев Руслан (Құспан молла мешіті).
Сонымен қатар, жарыстың әділ әрі жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан халықаралық дәрежедегі төреші Жандос Тілекбаевқа, ардагер спортшы, бірінші санатты төреші Әділ Алданбаевқа және Тілек Оқасовқа ҚМДБ Атырау облысы өкілдігі атынан алғыс хаттар табысталды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық спортты насихаттау, жамағат арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайту, жастарды салауатты өмір салтына баулу және ұлттық құндылықтарды ұлықтау.


























