Атырауда жамағат Жұлдыз мешітінің ұстазына көлік сыйлады

Атырауда Қажымұқан Мұңайтпасұлы мешітінің жамағаты ұстаз Қанат Серкешековқа автокөлік сыйға тартты.

«Адамдардың бір-біріне ақ ниетпен сый-сияпат көрсетуі олардың арасында өзара мейірім, құрмет, махаббат, түсіністік сезімін оятады. Ислам діні адамдардың психологиясы мен жан-дүниесіне айрықша әсер ететін осынау әдет-ғұрыпты тиімді пайдаланған. Соның нәтижесінде дінаралық, ұлтаралық келіспеушіліктер мен дұшпандықты достық пен түсіністікке айналдырған» дейді мешіт имамы Айтжан Абдиров.

Еске сала кетелік, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деген: «Араларыңдағы дұшпандық пен кекті жою үшін сыйлық беріп, бір-біріңді жақсы көріңдер» деген.

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар өзіне келген елшілерге де, басқа адамдарға да сыйлық беруді ешқашан да есінен шығармаған. Адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олармен достық қарым-қатынаста болу үшін сыйлық берудің айыбы жоқ.