Атырау облысынан барған діни делегация Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Ахмет Хусейн Мұхамед Ибраһим мырзамен және оқу орнының проректоры Ершат Ағыбайұлымен ресми кездесу өткізді.
Кездесуге Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы, облыстық Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының басшысы Рүстем Сейткалиев және басқарма өкілдері қатысты.
Жиын барысында діни білім беру сапасын арттыру, білікті имамдар даярлау, жастарды дәстүрлі діни құндылықтар аясында тәрбиелеу мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, өңірдегі діни ахуалды тұрақтандыру, жат ағымдардың алдын алу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту бағыттары сөз болды.
Тараптар университет пен өңір арасындағы байланысты нығайту, студенттерді оқыту, тәжірибе алмасу және біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру мәселелеріне де ерекше тоқталды. Бұл бағыттағы бірлескен жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатыны атап өтілді.
Кездесу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, ортақ мақсаттағы жұмыстарды бірлесе жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.






