Атырауда «Достық» үйінде Наурыз мерекесіне орай өткен мерекелік іс-шараға қатысқан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов бүлдіршіндерді құттықтап, сыйлықтар тапсырды”, – деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов осы жылдың “Балалар жылы” деп жариялауының маңызын атап өтті.
“Балалар – біздің жарқын болашағымыз. Олардың алаңсыз білім алуына, денсаулығының мықты болып, әлеуметтік тұрғыдан қиыншылық көрмей дамуына бар күшімізді саламыз. Биыл бірқатар жобалар жоспарланып отыр. Балаларымыздың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау жалғаса береді”,-деген облыс басшысы балаларды жаңа жылмен құттықтады.
Мерекелік кеште 100-ден астам бүлдіршінге «Наурыз-қоржын» сыйлықтары үлестіріліп, анимациялық қойылымдар көрсетілді. Салтанатты шарада түрлі ұлт өкілдерінің ән-жырлары шырқалып, би биленді.
Бұдан бөлек, ыстық бауырсақ пен наурыз көже таратылды. Киіз үй құрылып, өзге ұлт өкілдерінің ұлттық тағам, қолөнер бұйымдары қойылған жәрмеңкелер ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеден түскен қаржы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға берілетін болады.