Бас мүфти Ақтөбеде спорт кешенінің іргетасын қалау рәсіміне қатысты

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапары барысында осы қалада жуырда ғана ашылған «Әс-Сәлам» жеке қайырымдылық мекемесі (медресе) ауласында бой көтеретін жаңа спорт кешенінің іргетасына капсула салды.

«Алла Тағала осы құрылыс жұмысының жоспарланған уақытта аяқталуына нәсіп еткей. Шәкірттеріміз бен жергілікті жұртшылық спорт кешенінің игілігін көргей» деп дұға етті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетсек, бүгінде «Әс-Сәлам» жеке қайырымдылық мекемесінде 42 шәкірт тәрбиеленіп жатыр.

Мекемеде шәкірттердің жан-жақты білім, тәлім-тәрбие алуы үшін қолайлы жағдай жасалған. Жатақхана бөлмелерінің барлығында шәкірттерге қажетті жуыну бөлмесі, дәрет алу орындары, киім жуу, үтіктеу, т.б. орындар қарастырылған.

Асхана заман талабына сай жабдықталған. Ол жерде шәкірттерге үш мезгіл тамақ беріледі. Қайырымдылық мекемесінің жалпы көлемі – 731 шаршы метр.