Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы Махамбет ауданы мешіттеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді

 Бүгін Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Махамбет ауданының бас имамы Ержан Иманғалиевты қабылдады.

Қазіргі уақытта аталған ауданда үш мешіт жұмыс істеп жатыр. Махамбет аудандық орталық мешіті, Сарайшық мешіті және өткен жылы Бейбарыс ауылында іске қосылған Қасым хан мешіті.

Орталық мешітте бас имаммен қатар, бір наиб имам, азаншы, шаруашылық меңгерушісі және есепші еңбек етуде.

«Карантин жағдайына байланысты, мешіттерде уағыз айтылып жатқан жоқ. Дегенмен, видео түрінде уағыздар түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы таратуға назар аудару керек. Жастармен және жат ағым өкілдерімен арада кешенді жұмыс қажет» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Сондай ақ, Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Сарайшық ауылында мешіт салу мәселесіне жергілікті тұрғындардың пікірін білуді тапсырды.

«Сарайшық – қасиетті, тарихи жер. Еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті, туристердің өзі тәу ету үшін осында келіп жатады. Сондықтан, қасиетті өңірде жаңа мешіттің салынғаны дұрыс. Осы мәселеге жергілікті тұрғындардың көзқарасын білуіміз қажет» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.