Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы мешіттерде жұма және бес уақыт намазды уақытша шектеу​ мәселесін​ түсіндірді

amin.kz/16 наурыз, 2020 жыл. Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жұма намазын және бес уақыт намазды уақытша тоқтату туралы мүфтият жариялаған пәтуаға байланысты түсінік берді.

​«Бұл жағдай елімізде, сонымен бірге, әлемде орын алған қауіпті ахуалға байланысты туындап отыр. Қазақта «Сақтансаң, сақтармын» деген керемет тәмсіл бар. Алла Тағала адам баласына оның өмірі мен денсаулығын аманат етіп тапсырған.

Қазіргі жағдайда мешіттерде жамағат болып намаз оқу уақытша тоқтатылып отыр. Яғни, мешіттерде бес уақыт азан шақырыла береді. Бірақ, бес уақыт намазды әркім өз үйінде оқығаны дұрыс.​

Сол сияқты, жұма намазын да жамағат болып оқуға әзірге шектеу қойылып отыр. Бұл пәтуа​ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің бүгінгі отырысында қабылданды. Басты мақсатымыз —​ халық саулығын қамтамасыз ету» деп нақтылады өз сөзінде Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.​

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: