БАС ИМАМ МАХАМБЕТТЕ БАЛАЛАР ИНТЕРНАТЫНА БАРДЫ

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Махамбет ауданына жұмыс сапары барысында аудан орталығында орналасқан #2 балаларға арналған мекемеге арнайы барды.

Сапар аясында бас имам тәрбиеленуші балалармен кездесіп, оларға киім-кешек, мектепке қажетті құрал-жабдықтар табыстады. Сонымен қатар, балғындарға жылы лебізін білдіріп, ізгі тілегін жеткізді.

Қайырымдылық – дініміздің де, дәстүріміздің де өзегі. Балалар – Алланың аманаты. Олардың жүзіндегі күлкі – барша қоғамның ортақ қуанышы. Біз тек материалдық емес, рухани демеу де көрсетуіміз керек», – деді Болатбек Ұласқанұлы.

Мекеме ұжымы мен тәрбиешілер дін қызметкерлеріне алғыс айтып, мұндай игі шаралар балалардың жүрегіне жылу, көңіліне қуаныш сыйлайтынын атап өтті. Қазіргі таңда орталықта 69 бала білім алуда.

Бұл шара Атырау облыстық “Иманғали” мешітінің ұйымдастыруымен 1-мамыр қазақстан халқы бірлігі күніне орай өткізілген қайырымдылық шарасының бір бөлігі ретінде жүзеге асты. Алдағы уақытта өңір мешіттері балалар үйлерімен тұрақты байланыс орнатып, жүйелі қайырымдылық шараларын жалғастыруды көздеп отыр.