Бас имам: Ораза ұстай алмаған адам Рамазанды қалай өткізеді? (+ ВИДЕО)

amin.kz/ 30 сәуір, 2020 жыл. Бұл сұраққа Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жергілікті «Каспиан ньюс» арнасына берген сұхбатында жауап берді.

«Қасиетті Рамазан айында денсаулығы көтермейтін, қарт адамдар бар. Ол кісілер қасиетті Рамазан айында фидия садақасын бере алады. Бұл ораза ұстаған адамның таңғы және кешкі асының құны. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі фидия көлемін 1700 теңге мөлшерінде бекітті. Бұл жерде еліміздегі асханалардағы жалпы мәзір басшылыққа алынып отыр.

Ол садақаны әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға үлестірсе болады. Ал, фидия садақаны бере алмайтын адам болса, пітір садақа мөлшерінде садақа тарата алады. Егер садақа беруге мүлде жағдайы келмейтін адам болса, Алладан жалбарынып тұрып, дұға сұрайды. Алла мейірімді. Шын жүрекпен сұраған дұғаны қабыл етеді» деп атап өтті сұхбатында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.