Бас мүфти Ақтөбеде зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Бүгін Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осы өңірдегі зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Кездесуге облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшелері, ақын-жазушылар мен ғалымдар қатысты.

Басқосуда ҚМДБ Төрағасы Діни басқарманың жеті бағыт бойынша атқарып жатқан жұмыстары, оқу-ағарту саласында жүзеге асып жатқан игі бастамалар туралы баяндады.

Кездесуде ақын, публицист, аудармашы Мейірхан Ақдәулетұлы, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің аға оқытушысы Ақылбек Дадин, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, белгілі тарихшы Айшуақ Дәрменұлы, т.б. ғалымдар Діни басқарма шығарған «Ихсан – рухани тәрбие негізі», «Толық адам» кітаптар туралы ұсыныс-пікірлерін білдірді. Кездесу соңында аталған қос кітаптың тұсаукесер рәсімі өтіп, зиялы қауым өкілдеріне сыйға берілді.