Бас мүфти: Қасиетті Қадір түнінде дұғаларымыз қабыл болғай!

amin.kz/ 19 мамыр, 2020 жылБас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Қадыр түніне байланысты игі тілектерін арнады.

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Қадірлі жамағат!

Баршамызды қасиетті Рамазанның, оның ішінде мың айдан қайырлы Қадір түніне аман-есен жеткізген Аллаға сансыз шүкірлер болсын!

Алла Тағала жылдардың ішінен ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген жылды берекелі етіп қойды. Айлардың ішіндегі Рамазан қасиетті ай. Күндердің ішіндегі жұма, арапа күндерінің қасиеті ерекше. Ал Жаратқан Жаббар Иеміз түндердің ішінен Қадір кешінің қадірі мен қасиетін, дәрежесі мен сауабын арттырып қойған.

Исі мұсылман баласының тағдыр жазылатын түнді тағатсыздана күтуінің бір хикметі – Жаратқанға жақындай түсуге талпынуы. Қадір кешінің әрбір сәтін құлшылықпен, дұғамен, Құран оқумен, т.б. Аллаға ұнамды сауапты амалдармен өткізетініміз сондықтан.

Қадір түнінің негізгі қасиеті – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелейтін Құран Кәрімнің түсуінде. Алла Тағала бұл туралы былай баяндайды:       

«Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады» («Қадір» сүресі, 1-5-аяттар).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі», – деген.

Алланың рақымы мен мейірімі ерекше төгілетін түнде уақытымызды мүмкіндігінше бос жібермей, құлшылықпен өткізейік. Өйткені, бұл түнде Жаратқанға шынайы жалбарынған пенделердің тілектері қабыл етіліп, тағдыры жазылып, ризық-несібесі бекітіледі. Кейбір ғұламалар қасиетті Қадір кешінде кімдердің қажылыққа баратыны белгілі болады деген. Демек, әр адамға қатысты үкім шығарылатын түнді барынша сауапты амалға арнағанымыз абзал. Осы ретте Қадір түнінде жасайтын қайырлы амалдарға тоқтала кетейін.

Ең бастысы мұсылман баласы бұл кешті иманмен, Аллаға деген мықты сеніммен, сауабын үміт ете отырып өткізуі тиіс. Намаз, Құран оқып, дұға жасап, Алладан кешірім сұрап, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, уағыз-насихат тыңдап өткізуге аса мән беру керек. Сонымен қатар, алдын ала Қадір түнінің қасиеті туралы оқып-біліп алған жөн. Өйткені, бұл кештің мәні мен маңызын, дәрежесі мен мәртебесін, сауабы мен қасиетін түсінген адам оның берекетінен әсте мақұрым қалмауға тырысады.

Ардақты ағайын!

Биылғы Рамазанның қасиетті Қадір кеші мамыр айының 19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келіп отыр. 19 мамырда мешіттеріміз таңғы сағат 07:00 мен кешкі 20:00 аралығында жұмыс істейтін болады. Осы ретте баршаңызды Қадір кешін өз үйлеріңізде өткізуге шақырамын. Биылғы Рамазан айы карантин жағдайында өтіп жатқаны өздеріңізге белгілі. Карантин талаптарын орындауымыз тиіс. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шешім. Мұны түсіністікпен қабылдайсыздар деген үміттемін.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Қадір кешінде Құран хатым дұғасын, уағыз-насихат пен пайдалы дәрістерді онлайн режимде өткізеді. Үйде отырып, онлайн режимде дұғаға қатысып, насихат тыңдауға толық мүмкіндік бар.

Осы ретте барша қауымды қасиетті Қадір түнінде Түркістан облысындағы тасқын судан зардап шеккен жерлестерімізге дұға жасауға үндеймін.

Жаратқан Жаббар Иеміз жер бетінен жұқпалы індетті жойып, жақсылықта жүздесуді нәсіп еткей.            

Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде тілеген тілектеріміз бен құлшылықтарымызды Алла Тағала қабыл еткей! Әмин!