Бас мүфти қордайлық ақсақалдармен кездесуде не деді?

Бүгін Жамбыл облысы Қордай ауданына келген ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алдымен аудан ақсақалдарымен жүздесті.

Кездесуге ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағамбет, аймақтың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев және аудан әкімі Рүстем Рысбайұлы қатысты.

Бас мүфти мұндай алқалы отырыстың маңызды екеніне тоқталды. «Алланың қалауымен араға біраз уақыт салып қайта келіп отырмын. Бұл өңір біздің жіті бақылауымызда. Өздеріңіз білесіздер, Ислам деген сөз бейбітшілік деген мағынаны береді. Дініміз бір бірімізбен бауыр болуды міндеттейді. Ендеше осындағы бірнеше ұлт пен ұлыстың басы қосылған Қордай ауданына береке тілеймін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жиын барысында аудан ақсақалдары сұрақ қойып, пікір алмасты. Алқалы жиын соңы қайырымдылық шарасымен аяқталды. Бас мүфти аудандық ауруханаға 2  дана ИВЛ аппаратын табыс етті.