Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен жиналыс өтті.
Оған Діни басқарманың бөлім басшылары мен Орталық аппарат қызметкерлері, сондай-ақ өңірлердің бас имамдары онлайн режимде қатысты. Жиында елдегі төтенше жағдай кезіндегі дін қызметкерлерінің атқарар жұмысы талқыланды.
«Халқымыз, оның ішінде мұсылман жамағаты Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық тарихында болмаған ауыр сынақтарды бастан кешуде. Алла Тағала осы қиындықты тезірек жеңілдікке алмастырып, бейбіт күнімізді баянды еткей.
Ел басына күн туған осынау сындарлы сәттерде еліміздің әр түкпіріндегі әр азамат бірлігін танытып, өз тарапынан қолдау көрсетуде. Біз, дін қызметкерлері де күн сайын Құран хатым етіп, дұға жасап келеміз. Имамдарымыз блокпосттарда сарбаздарға ыстық тамақ пен азық-түлік себеттерін таратып, Отан үшін көз ілмей бекетте тұрған азаматтарға рухани тұрғыдан қолдау көрсетуде» деді ҚМДБ Төрағасы.
Наурызбай қажы Тағанұлы алаңға жиналған азаматтарға Отанның қадірін, халық бірлігінің маңыздылығын түсіндіріп, насихат жұмыстарын жүргізіп жатқан имамдарға алғысын жеткізді. Сондай-ақ елдегі қауіптің толық сейілмегенін айтып, Алматы қаласы мен өзге де өңір бас имамдарына мешіттегі қауіпсіздік қызметін күшейтуді тапсырды.