Елордада ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркия елшісінің діни істер жөніндегі кеңесшісі Нешет Бодурмен кездесті.
Басқосуда бауырлас елдердің байланысын арттыру, діни білім және кадр мәселелері, сондай-ақ кітаптар басып шығару жөнінде сөз қозғалды.
«Түркия Дін істері басқармасы біздің бастамаларымызға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Бауырлас елге сапар барысында Діни басқарма қызметкерлері мол тәжірибе жинап, жақсы әсермен оралды. Осы сапар барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Түркия Дін істері басқармасы Анкара қаласында өзара ынтымақтастық туралы меморандум қабылдады.
Түркия мен Қазақстан арасындағы екіжақты байланыстың ауқымы кең. Түрік бауырларымыздың демеуін әрқашан сезініп келеміз. Алдағы уақытта да екі ел арасындағы рухани байланыс арта береді деп сенемін» деп атап өтті Бас мүфти.
Өз кезегінде елші кеңесшісі Нешет Бодур діни әдебиеттерге басымдық берген «MUFTIYAT» баспасының жұмысына оң бағасын беріп, осы саладағы бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты 4-6 жастағы балаларға арналған діни кітаптарды бірлесіп шығару жөнінде ұсыныс білдірді. Сондай-ақ «Хадистер аясында Ислам» атты 7 томдық ауқымды еңбекті Діни басқармаға сыйға тартты.