Бас мүфти жәннаттың жолы туралы айтты

Әбу Райхан әл-Бируни (һижраның 440 жылы өмірден өткен) 78 жыл өмір сүрген.

Ол өмірін ғылымға арнап, бар күш-жігерін сол жолда жұмсап, кітаптар жазуға ерекше мән берген. Ол кісі ғылымға кіріскенде айналасындағы басқа нәрселерге көңіл бөлмей, өз ісіне тереңдеп бойлайтын. Жүрегі ойлаудан, көзі қараудан, ал қолы жазудан тоқтамайтын еді.

Тек тіршіліктегі кейбір маңызды болған ұйқы мен тамақтану секілді жайттарда ғана ізденісін тоқтататын еді. Әр уақытта оның жүзінен қиындықтың белгісі мен қолдарынан ізденісінің нәтижесі көрініп тұратын еді.

Фиқх ғалымы Абуль-Хасан Али ибн Иса өлім аузында жатқанда Абу Райханның көңілін сұрап барған кездегі оқиғасын былай әңгімелейді: «Мен ол кісінің бөлмесіне кіргенімде қиналып, хал үстінде жатыр екен. Сол кезде ол маған: «Бір күні сен маған мирас жайында не айтып едің?» – деді. Сонда мен оған жаным ашып: «Осындай кезде соны сұрайсыз ба?» – дедім.

Сонда ол маған: «Әй, жігіт, мен ол мәселе жайында білемін және өмірден өтіп барам, егер білмеген болсам үндемей қоя салғаным жақсы емес пе?» – деді. Мен оған сондағы мәселені қайта айтып едім, ол хал үстінде жатса да білгенін тегіс маған үйретіп кетті». Өмірін ілімге арнағандар, өмірінің соңғы сәтін де сол игі іспен бітіргенді қалайды. Кім қалай өмір сүрсе солай өледі емес пе? Сондай-ақ бұл өмірдің соңы, жаңа өмірдің басталуы деп білген ғалымдар ешуақытта үмітсіздікке түскен емес.

Әбу Ханифаның шәкірті имам Әбу Юсуф ауырып, есінен танып жатқан кезінде Ибраһим ибн әл-Жаррах оның жағдайын сұрай келеді. Сонда ғалым есін жиып былай деген: «Сен алдында менен қандай мәселе жайында сұраған едің?».

Ибраһим ибн әл-Жаррах: «Осы халіңізде үйретпекшісіз бе?» – деп, науқасты тынышталдырмақ болады. Имам: «Ол мәселе жайында пікір алысқанымызда тұрған ештеңе жоқ, бәлкім осының себебінен бір кісі құтылар», – деді.

Сонан соң ол: «Әй, Ибраһим! Жерде тұрып оқ атқан абзал ма, жоқ әлде атқа мініп тұрып атқан ба?» – деді. Ибраһим: «Атқа мініп тұрып атқан», – дегенде, ол: «Қателестің», – дейді. Кейін Ибраһим: «Жаяу тұрып атқан абзал», – деп едім, тағы да қате, – деді. Кейін өзі: «Егер ататын заты бір орында тұрса, жаяу тұрып атқан дұрыс, ал егер ататын заты қозғалыста болса атқа мініп тұрып атқан абзал», – деді.

Мен содан кейін орнымнан тұрдым. Қоштасып сыртқа шығып бара жатқанымда іштегі адамдардың жылаған дауысын естідім. Сол кезде ол кісі жантәсілім еткен еді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім білім жолында болса, оған Алла жәннат жолын жеңілдетеді» деген.

Ғұламалар – адамдардың ішіндегі ең көңілдері кең, шаттыққа толы, қуаныштары ұлылары. Өйткені хадисте айтылғандай, олар пайғамбардың мұрагерлері болғандықтан, аса құнды ілім байлығына ие. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағалам, сенен пайдалы ілім, қорқатын жүрек, қабыл болатын дұға тілеймін» деп тілеген.

Шын мәнінде Алладан тек пайдалы ілім сұраған жөн. Әйтпесе шайтанда да ілім бар еді. Бірақ ол тәкаппарлығына салынып, Алланың қаһарына ұшырады. Сол секілді Жаратқан Жаппар Иені мойындамайтын білім де адамды тәкаппарлыққа алып барады.

Наурызбай қажы Тағанұлының «Үміт сәулесі» кітабынан