Бауырмал болу сүннет

Адам баласына жер бетінде өмір сүрулері үшін бауырмал болу аса қажетті дүние. Олай дейтініміз адам баласы қашанда жалғыз өмір сүре алмайды. Жанына арқау болар, қиналғанда демеу болар жанды іздейді. Ал, осындай қиын қыстау кезеңде бауырыңнан басқа кім қол ұшын бере алады.

Бауырың ғана сенің жаныңда болып, сыздаған жараңды жаза алатыны сөзсіз. Алланың елшісі өзінің құдси хадисінде: «Мұсылман адам бір дене іспетті, егер дененің бір жері ауырған болса барлық денесі сезеді. Мұсылмандарда осындай, бауырының қиыншылығын сезуі керек», – деген екен. Осы хадистен көре пайғамбардың өзі де бауырмалдықты аса жоғары бағалағаны байқалады.  Қазақ халқы да бауырмалдықты басты қағида етіп ұстаған.

Сол бауырмалдықтың арқасында көптеген игі істерді тындырып отырған. Абай атамыз өзінің өлеңдерінің бірінде: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» – дейді. Аталмыш өлең жолдарынан түсініп отырғанымыздай қазақ халқының біртұтас болуы да осы бауырмалдықта жатырғаны мәлім.

Пайғамбар заманында алауыздық кең етек алып, мұсылмандар арасында дау туа бастағанда, Жаратушы Аллаһ қасиетті құранның аяттарын жолдап отырған. Мәселен құран кәрімнің мына аятында былай дейді: «إِذْ كُنتُمْ أَعْدَاء فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُم بِنِعْمَتِهِ إِخْوَاناً

Кезінде бір-біріңе бітпес дұшпан едіңдер, ал бүгін, Аллаһ тағала жүректеріңді жарастырды. Сөйтіп Оның баға жетпес нығметінің арқасында бір-біріңе бауыр болдыңдар».

Аяттан байқағанымыздай Аллаһ тағала мұсылмандардың жүректеріне бауырмалдықты салып берген. Осы аятқа амал еткен мұсылман жамағаты күні бүгінге дейін бауырмалдыққа аса сақтықпен қарап келеді. Әрине кейбір кезде әттеген-ай да болып тұрады. Әйтсе де мұсылман адам ақыретке сеніп, ондағы сан сұраққа жауап беретіндігіне сенгендіктен басқа мұсылман бауырына жақсы көзбен қарауы керек. Сонда ғана мәңглік бақыттың есігі ашылары сөзсіз.

Осы жоғарыда айтылған қасиетті насихаттарды іс жүзінде орындау үшін әрине иман керек. Имансыз адамға бұл айтылғандардың әсер етпесі анық. Иманы бар мұсылман адамға бауырмал болу-пайғамбар сүннетін орындау әрі Аллаһқа бойұсыну болып табылады. Ал оны шын жүрегімен орындаса көптеген сауапқа кенелері айдан анық. Ендеше баршамызға біртұтас бөлінбеген дене сияқты, бауыр болуды нәсіп етсін.

Самат КҮБІРБАЕВ, Доссор мұсылмандар мешітінің азаншысы.