Дінге бөлінудің зияны қандай?

Бөліну – елге де, дінге де кері әсерін тигізеді. Аллаһ тағала бәрімізді бөлінуден сақтасын.

Кезінде қазақ даласында сақталған Әбу Ханифа мазхабын ұстанған ата-бабаларымыздың заманында дінге бөліну жоқ-ты. Соңғы кезде елімізде бар ойын ішіне бүккен жат ағымдар қаптап кетті. Біреуінен құтылып енді ес жинай бастағанда, екінші біреуі шығып мұсылмандардың арасына іріткі салуда.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес»деп мұсылмандарды бөлінбеуге шақырады. Ал, жат ағымдардың мақсаты өздерінің жымысқы ойларын жүзеге асыру болып отыр. Әрбір нәрседен күмән іздеп, ғалымдар тиым салған муташабих аяттардан мән іздеп ақылға салып, мүмін мұсылмандардың мазасын кетіреді. Тіпті кейбірі жоқ нәрсені мысал етіп, Ислам дініне, ардақты пайғамбарымызға жала жабады.

Мешіттерде жамағат намаздарына қатыспай, өзара бөлек топ құрып, мешітке күйе жағатындар да кездеседі екен. Алайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан жасалынып жатырған кешенді жұмыстар негізінде, халықтың діни сауатын ашу жұмысы қолға алынып отыр. Дей тұрғанмен, адасып жүрген басқа емес, өзіміздің қаракөз қандастарымыз болғасын, оларға да үгіт-насихат жүргізіліп отырады.

Кейбір сол жолда жүрген бауырларымыз осындай насихаттардан кейін райынан қайтып, дұрыс бағытқа бұрылып жатады. Сондай топта жүріп өз сеніміне қатты тұрғандарды да білікті ұстаздарымыз дәлел-дәйектер арқылы райынан қайтаруда. Әрине бұл біздің елдегі мәселе емес, жалпы дін дұшпандарының әрекеті екендігі белгілі.

Алайда , өзіміздің қазақ бауырларымызды сол жолдан алып қалу бізге жүктеліп отырғандығы белгілі. Жат ағымның жетегінде жүрген бауырларымызды Әбу-Ханифа мазхабына , әһли сүннет жолына қайтару жолында еңбек етіп жатырған ұстаздарымызға Аллаһ күш қуат берсін деп тілейміз.

Елдос ОТАШБАЕВ, Доссор мұсылмандар мешітінің  имамы.