Біргеміз: Атырауға қарасты Тасқала ауылында жастар жақсылық жолында бірікті

amin.kz/ 11 сәуір, 2020 жыл. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен еліміздің түкпір-түкпірінде «Қайырымдылық керуені» жобасы мұқтаж отбасыларға жан-жақты көмек көрсетумен айналысып жатыр.

Осы ретте Атырау қаласына қарасты Тасқала ауылындағы «Мәулімберген» мешітінің ұйытқы болуымен құлшылық үйі жанындағы «Иман жастары» еріктілері әлеуметтік жағдайы төмен он отбасына әрқайсысы 20 келі болатын бірінші қажеттіліктегі азық-түлік пакеттерін үлестірді.

Сонымен бірге, ерікті қыз балалар маска тігіп, 40 масканы Тасқала ауылының тұрғындарына таратты.

«Осы жерде ауыл жастарының белсенділігін де атап өткеніміз жөн. «Иман жастары» еріктілерінен бөлек, ауыл жастары бірігіп, 42 отбасына азық-түлік апарып тапсырды.

Бұған дейін Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы аймақ кәсіпкерлеріне Үндеу жариялап, төтенше жағдай кезінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қолдауға шақырған болатын. Осы Үндеуге Тасқала ауылының жастары да үлес қосып жатқаны қуантады» дейді «Мәулімберген» мешітінің имамы Мақсот Бағытжанов.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз – қызметі.