Бос сөзден қалай сақтану керек?

          Сөз – жүректің тәржімасы. Ділде бар інжу-маржан тілден байқалады. Адамның кім екенін көрсететін айтқан екі ауыз сөзінен мәлім болмақ. Ал, сол жүрек түбінде жатқан ойды жеткізудің өзі бір өнер.

          Сөзі көбейгеннің қателігі де арта түсетіні анық. Бос және артық сөз иесіне абырой әкелмейтіні тағы бар. Бұл адам баласының бойындағы ең жағымсыз қылықтың бірі. Хадисте: «…Мені қатты ашуландыратын және қиямет күні менен ең алыс тұратын адам бос сөзді (мылжың) адам…»,(Тирмизи) – делінген.

          Адам тіл арқылы иманға келіп, мұсылман болса, тіл арқылы діннен шығуы да оп-оңай. Тіл адамның ойын, сезімін басқаға жеткізуші құрал. Қуантатын да тіл, жылататын да тіл. Тілді еркіне жіберсе, арты орны толмас өкінішке апаратын да кездері болады.

          Айтылған сөз атылған оқ демекші айтқан сөзіңізді қайтарып ала алмайсыз. Отыз тістен шыққан сөз отыз елге әп-сәтте-ақ тарап кетеді. Сол себепті тілін құрықтай білген, оған иелік еткен адам бұл өмірдің ұятынан, ақыреттің азабынан құтылары хақ.

          Бір данышпан кісі Лұқманнан мал етінің ең дәмді жері не деп сұрағанда, тілін ұсынған екен. Ең нашар еті дегенде де тілін берген екен. Расымен-ақ, жақсы сөз де, жаман сөз де тілден шығатыны мәлім. Басқаша айтқанда, жәннатқа жетелейтін де тіл, тозаққа түсіретін де тіл. Өйткені, тіл – жүректің қызметкері. Тіл жүректің айтпағын жеткізуші ғана. Сахаба Сәһл бин Сағд (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Кімде-кім маған мұрты мен сақалы арасында және екі аяғы арасындағы мүшелеріне кепілдік берсе, мен оған жәннатты кепілдік етемін»,  (Бұхари)- деп айтылған.

Иә, «Басқа бәле – тілден» деп бекер айтылмаса керек. Жалпылама алғанда, адам баласына ретсіз және аңдамай сөйлеп күнә атауын жинай беру ортақ дерт сияқты.

Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) былай әңгімелейді: «Бірде Алла елшісінен (с.ғ.с.) адамдарды жәннатқа ең көп кіргізетін қандай амал екені жайлы сұрады. Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Алладан қорқу және көркем мінез, – деді. Адамдарды ең көп тозаққа түсіретін амал не?, – деп сұрағанда, Пайғамбар (с.ғ.с.): «ауыз бен жыныс мүшесі», (Ахмад, Ибн Мәжә) – деп жауап берген екен.

Шындығында, осылай. Хадисте Алладан қорқу дегені – тақуалық, ал ауыз дегені – тіл. Тілге ие бола білу аса маңызды. Жай ғана жұмсақ жерде, күннің көзінен көлеңкелі жерде отырып-ақ тіліңмен таудан ауыр күнәға тап болуға болады. Сондықтан, Әли бин Әбу Тәліп (р.а.):«Айтпаған сөздің иесі – сенсің, ал айтылған сөз – сенің иең» – деп тектен-тек айтпаса керек. Отыз тістен шыққан сөзді қайтарып алу мүмкін емес. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақиқатында, пенде бір сөз айтады да, соның кесірінен шығыс пен батыстан да алыс тозаққа қарай құлдырай бастайды», (Бұхари, Муслим) – делінген.

          Жыртқыш аң жасай алмайтын жауыздықты кісі өз тілінен көреді. Тілдің залалын сахабалардан артық кім білер? Абдулла бин Масғұд (р.а.): «Түрмеде тілден ұзақ отыруға лайықты еш нәрсе жоқ», – деген екен.

          Тілімізбен басқа дене мүшелерімізбен пайдасыз нәрселерге емес, жақсылыққа, діннің қызметіне жүгіргеніміз жөн. Өйткені бос сөз жүректі қатайтып, адамды Алладан алыстатады. Алланың елшісі (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) хадисінде:

«Алланы зікір етпей бос нәрсе айтып сөзді көбейтпеңдер! Арасында Алланың аты еске алынбаған әңгіме жүректі қарайтады. Алладан ең алыс жүргендер – тасжүректер» – деген.

Сөздің қадірі жайында Асан қайғы бабамыз:

Таза мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз

Ой түбінде жатады

– деп жырға қосқаны осының дәлелі болса керек.

          Алла Тағала баршамыздың тілден, сөзден қате кемшіліктерімізді кешіргей!

Ержан ҚАҒАЗҒАЛИЕВ,

«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің бас имамы.