Медицина мамандарының айтуынша, туберкулезге қарсы екпеден бас тарту – ауру қаупін күшейтуі мүмкін.
Атырауда осы мәселе талқыланған «дөңгелек үстел» шарасы өтті. Оған Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысты.
Мамандардың айтуынша, туберкулезге қарсы екпе алу – қажеттілік. Екпені алмаған жағдайда, жаппай эпидемия туу қаупі бар. Және екпеден дінді алға тартып, бас тарту да негізсіз.
«Вакциналық екпе егуге Ислам шариғаты мамандары қарсы емес. Мысырдағы әл-Азһар Ислам университеті жанындағы ғұламалар кеңесі, Ислам Конференциясы Ұйымына қарасты Ислам фиқһ кеңесі ғұламалары, Марокко мен Сауд Арабиясы корольдігінің ғалымдар кеңесі түрлі жұқпалы аурулардан сақтану үшін вакцинациялық екпеге жүгінуге болады деп пәтуа шығарған. Аталмыш ресми діни мекемелердің ғалымдары мәселеге байланысты діннің екі негізінің бірі – хадистерге де жүгінген.
Хадисте Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім де кім таңертең «ажуа» құрмасынан жеті данасын жейтін болса, ол сиқырдан және уланудан аман болады», – дейді. Бұл құрма уланудан адамды қорғайтын болса, демек ол адам иммунитетін күшейтетін дәрумендерге бай болғандығы. Екпені де түрлі вирустардан сақтану үшін, адамның иммунды әлеуетін көтеру мақсатында егеді» деген Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының екпеге қатысты ұстанымы оң екендігін атап өтті.
Жиында Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің директоры Ж. Сағиев, Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес балалар диспансерінің бөлім меңгерушісі М. Шуақбаев хабарлама жасап, қазіргі ахуал туралы айтты.
Еске сала кетелік, елімізде бала дүниеге келгеннен бастап, 16 жасқа дейін 10 түрлі ауруға қарсы 20-дан астам екпе салдырылады.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.