Елімізде мүфтиятқа қарасты медреселерде қабылдау емтихандары басталды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 9 медресе-колледжде 2021-2022 оқу жылына талапкерлерді қабылдау емтиханы басталды.

Бұл туралы ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков хабарлады. Оның айтуынша, ең алғашқы емтихан 19-20 тамыз күндері «Астана» медресе-колледжінің ұлдар және қыздар бөлімінде өткен.

«Медреселерімізге қабылдау емтихандары 26 тамызға дейін жалғасады. Бүгінге дейін «Астана», «Сарыағаш» және Алматы облысындағы «Үшқоңыр» медресе колледжерінде емтихан өтіп, оған 982 талапкер қатысса, оның 498-і – ер бала және 484-і – қыз бала.

Бүгін «Шымкент» және Алматыдағы «Әбу Ханифа» медресе-колледжінде білім сынағы өтіп жатыр. Талапкерлерден Діни білім және кадр даярлау бөлімінің мамандары мен медресе ұстаздары емтихан қабылдауда» дейді Смайыл Сүйерқұлұлы.