Елордада «Әкесінің қызы» кітабының тұсауы кесілді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Muftiyat» баспасынан балаларға арналған «Әкесінің қызы» кітабы жарық көрді.

ҚМДБ Орталық аппараты қызметкерлерінің тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына арналған отбасылық мерекелік шарасы барысында жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, кішкентай оқырмандарға жол тартты.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, «Muftiyat» баспасының директоры Мұрат Манапұлы, жинақтың авторы Серікбол Хасан және кітапсүйер балдырғандар қатысты.

Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде «Muftiyat» баспасы биыл 19 кітап шығарғанын алға тартып, балаларға арналған «Әкесінің қызы» кітабының да кішкентай оқырмандардың көңілінен шығарына сенім білдіріп, баспа ұжымына алғысын жеткізді.

Айта кетейік, «Әкесінің қызы» – «Muftiyat»  баспасынан шығып отырған алғашқы балалар кітабы. Кітаптың авторы – Серікбол Хасан, суретшісі – Елнар Беймиш, редакторы – Болат Үсенбаев. Таралымы – 2000 дана.