Қасиетті Рамазан айының құрметіне Индер аудандық орталық мешітінде Құран жарысы өтті.
Үміткерлер Құранның 30-шы парасы және «Духа» сүресінен «Нәс» сүресіне дейін жатқа айтудан өзара сынға түсті.
Сайысқа ұстаздар Ерлан Мұратұлы, Мұрат Қанатұлы және қари Бекжан Бектұрсынов қазылық етті.
Тартысты бәсекеде Құранның 30-шы парасы бойынша, Бақберген Батырғали бірінші орын алды. Елнұр Қонысұлы мен Нариман Бақсинов екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.
«Духа» сүресінен «Нәс» сүресіне дейін жатқа айту аталымында Ильяс Сағатов топ жарды. Мансұр Жұбан мен Сұлтанбек Есқайыр екінші және үшінші орындарды иеленді.
Жеңімпаздардың барлығы қаржылай сертификаттармен марапатталды. Жүлде қоры 420 мың теңгені құраған байрақты бәсекеге 16 үміткер қатысты.
«Құран – адамзатты шексіз бақытқа жетелейтін, тура жол көрсететін, қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжиза. Құран-соңғы пайғамбарлықтың дәлелі, ханиф (тура) діннің үні әрі Ислам шариғатының ата заңы. Құран оқыған адамның бүкіл болмысымен өзгереді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендерің»[2], – деп өсиет қалдырған» дейді Индер ауданының бас имамы Ералы Қамзағалиев.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.