Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаның қашан шығатыны белгілі болды

Коронавирусқа қарсы отандық вакцина клиникалық зерттеудің үшінші фазасына келді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


«Отандық вакцина клиникаға дейінгі зерттеуден өтті, бірінші және екінші фазадан өтіп, клиникалық зерттеудің шешуші үшінші фазасына келді. Біз бәрін хаттамаға, халықаралық стандартқа және талаптарға сәйкес жасап жатырмыз. Барлық принциптер мен барлық нормаларды сақтауымыз керек.

Бұл өте маңызды, өйткені әңгіме халықтың қауіпсіздігі жайында болып отыр, сондықтан біз әрбір рәсімі бойынша барлық талаптарды сақтаймыз. Наурыз айының ортасында бұл вакцинаны шығарып, азаматтарды вакциналай бастауды жоспарлап отырмыз», – деп жауап берді Білім министрі тілші сұрағына.

Айта кетейік, 2020 жылғы желтоқсан айының соңына дейін үш мың еріктіні вакцинациялау аяқталатын болады. III кезеңді өткізу үшін 10 мың доза көлемінде вакцинаның қажетті партиясы шығарылған. Отандық вакцинаны жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында басталады.

Бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын топтағы адамдарға екпе жасалады. Бұған дейін Асхат Аймағамбетов тамыз айында салдырған отандық екпеден кейінгі денсаулық жағдайы туралы айтып берді.