Өткен аптада Ведомствоаралық комиссия (ВАК) шешімімен 1 наурыздан бастап жасыл аймақта тұрған өңірлерде жұма намазын өткізуге рұқсат етілген болатын.
Осы шешімге сәйкес ертең еліміздегі жасыл аймақтағы бірқатар мешіттерде жұма намазы оқылады. Алайда COVID-19 жұқпалы дерті әлі сейілген жоқ. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жасыл аймақтағы мешіттерде жұма намазын оқудың арнайы тәртібін белгіледі.
Жұма намазын өтеу үшін мешітке келушілерге қойылатын талаптар:
• Мешітке міндетті түрде бетперде тағып кіру;
• Мешіт кіреберісінде арнайы антисептик заттарды пайдалану;
• Дәретті барынша үйден алып келу;
• Мешіт ішінде белгілі арақашықты сақтау, бір-бірімен қол алыспау;
• Намаз оқығанда арақашықтық 1,5 метрден жақын болмау, намазды арнайы белгіленген орында оқу;
• Мешіт ішінде ұзақ уақыт қалмау;
• Дене қызуы 37°-тан жоғары, сондай-ақ тұмау және басқа да ауру белгілері бар адамдардың мешітке келмегені абзал;
• Жасы 65-тен асқан қариялардың, балалар мен әйелдердің мешітке келмегені дұрыс.
Жұма намазы оқылатын мешіттерге қойылатын талаптар:
• Мешітке келушілерді дене қызуын арнайы құрылғымен тексеріп кіргізу;
• Мешіт кіреберісі мен ішіне тазалағыш антисептиктер, маскалар қою;
• Мешіт ішін 1,5 метр арақашықтықты сақтай отырып арнайы сызып қою;
• Мешіт сыйымдылығын 30%-дан асырмау;
• Парыз намаздарында қысқа сүрелер немесе қысқа аят оқу;
• Мешітке келген жамағаттың ұзақ уақыт мешітте болмауын ескерту;
• Мешітте қол алыспау;
• Намаз оқу залдарына жиі залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу;
• Мешіт қызметкерлерінің бетперде тағуы міндетті;
• Мүмкіндігінше (оңтүстік аймақтар) жұма намазын мешіт ауласында оқу;
• Жамағаттың мешіт ауласында намаз оқуына жағдай жасау;
• Мешітке келушілерге қойылатын талаптарды мешіт кіреберісіне іліп қою.
Тағы да еске салсақ, жоғарыда көрсетілген сары аймақтарда тұрған облыстар мен қалаларда әзірге жұма намазы оқылмайды.