Махамбет ауданына бас имам тағайындалды

Бүгін Махамбет ауданы орталық мешітінің бас имамы тағайындалды.

Имам Нұрбек Ибадоллаевты жергілікті жамағатқа жұма намазында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы таныстырды.

«Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен бүгін Нұрбек Ибадоллаев жаңа қызметке тағайындалып отыр. Бұған дейін Жылыой ауданындағы мұсылмандар мешітінде наиб имам қызметін атқарып келген Нұрбек Ибадоллаев бауырымыз жаңа қызметінде де қайырлы істерімен, берекелі істерімен танылады деп сенемін.

Жаңадан тағайындалған бас имамға алған білімі мен тәжірибесін кеңінен насихаттай беруін Алла нәсіп етсін. Мешіт жамағаттары жаңа имамның жанынан табылады деген үлкен сенімдеміз» ,-деді облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Бұған дейін Махамбет аудандық мешітіне басшылық жасаған Ержан Иманғалиевтың қызметіне алғыс білдіріп, иығына шапан жапты.

Нұрбек Ибадоллаев Қызылорда облысының тумасы. Шымкент қаласындағы Халықаралық қазақ-араб университетін бітірген. 1997-99 жылдары Түркияның Стамбул қаласында екі жылдық діни медресені тәмамдаған. Араб тіліне жетік маман.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.