Махамбет ауданында имамдар Ақжайық ауылы жұртшылығымен кездесті

Махамбет ауданының бас имамы Нұрбек Ибайдуллаев бастаған кездесуде жастарды имандылыққа баулу, рухани құндылықтарды дәріптеу, жат ағымдармен күрес сынды өзекті мәселелер талқыланды.

Кездесу барысында ауыл ақсақалдары Ақжайық ауылында мешіт салу мәселесін көтерді.

«Имандылық жүректе деп жатамыз. Рухани тәрбие, ізгілік бастауы сайып келгенде исламда. Дініміз ізгілікті, жақсылықты насихаттайды. Қазақта «Алтауы ала болса, ауыздағы кетеді, төртеуі түгел болса, төбедегі келеді» деген тамаша тәмсіл бар. Сондықтан, ауылдың берекесін сақтау, жастарға оң бағыт көрсетуде ауыл үлкендері маңызды роль атқарады. Ауылға мешіт тұрғызу – жергілікті тұрғындардың ықтиярымен шешілетін дүние. Азаны бар ауыл азбайды. Біз әркез қолдауға дайынбыз» деп атап өтті Махамбет ауданының бас имамы Нұрбек Ибайдуллаев.

Ауыл жұртшылығымен кездесуге Атырау қаласынан арнайы барған «Мәулімберген» мешітінің имамы Мақсот Бағытжанов шара соңында Ақжайық ауылындағы мәдениет үйінің кітапханасына рухани кітаптарды табыстады.

Атап өтерлігі, кездесуге Махамбет аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Құтжан Құлмашев, Ақжайық ауылдық округі әкімдігінің өкілі Жасұлан Дәулетқалиев қатысты.

Еске сала кетелік, Махамбет ауданында 9 ауылдық округ, 21 ауыл бар.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.