Махамбет ауданындағы Ақтоғай ауылында мешіттің іргетасы қаланды

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Махамбет ауданына қарасты, Ақтоғай ауылына барып, жаңа мешіттің іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Шара барысында құрбан шалынып, Құран оқылды. Одан әрі Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы ауыл жамағатымен бірлесіп, ел амандығы үшін дұға жасады.

«Мешіт – тәрбиенің, руханияттың қайнар көзі. Азаны бар ауыл азбайды. Іргетасы қаланып жатқан мешітіміз ұлдарымыздың иманды, қыздарымыздың ибалы болып өсуіне ықпал етеді деп сенемін. Біздің мақсатымыз – батагөй қарттарымызды мешіт жанына топтастырып, дініміз бен дәстүрімізді, тарихымызды насихаттау арқылы, ұрпақ тәрбиесі, қоғам тұрақтылығына үлес қосу» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

150 орындық мешіт құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Заман талаптарына сай жобаланған мешіт жанынан имам үйі және таһаратхана салынады.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.