Махамбетте Таңдай ауылында мешіт ашылды (+ ФОТО)

Махамбет ауданы, Таңдай ауылында ашылған мешіттің сыйымдылығы 150 орынға шақталған.

Заман талаптарына толықтай жауап беретін мешіт ерлер және әйелдер залы, дәрісхана, Құран оқитын бөлме, асхана, таһаратханамен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, мешіт жанынан 100 орындық асхана салынған.

Зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, жергілікті ауыл тұрғындары жиналған іс-шараға Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қатысып, Таңдай жұртшылығын мешіттің ашылуымен құттықтады.

«Мешіт – тәрбиенің ошағы. Азаны бар ауыл азбайды. Мешіт жастарымызды имандылыққа тәрбиелейтін, жұртшылықты ізгі істер жолында біріктіретін ордаға айналады деп сенемін» деген Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы мешітті салуға демеушілік жасаған Нұржан Ахановқа ризашылығын жеткізді.

Шара аясында Бас имам жұртшылыққа Таңдай ауылы мешітінің жаңа имамын таныстырды. Жаңа мешітке бұған дейін Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінде азаншы болып қызмет атқарған Ержан Жақсығалиев имам болып тағайындалды.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.