Мақат аудандық орталық мешітінде «Адамзаттың асылы Мұхаммед» тақырыбында рухани кеш болып өтті.
Мәуліт кешіне республикалық ақпараттық насихаттық топ мүшесі, Атырау қаласындағы Әт-Тақуа мешітінің имамы, ұстаз Өсімхан Тілеуов арнайы келіп, жамағатқа уағыз-насихат айтты.
«Үмметтің Пайғамбарға (с.ғ.с) деген махаббаты, сахабалардың сағынышы» тақырыптарында насихат айтқан ұстаз Өсімхан Тілеуов жамағатты мінезі Құран болған Пайғамбардан (с.ғ.с.) үлгі алуға шақырды.
«Адамгершіліктің шыңына шыққан немсе соған бет алған кез-келген адам өзін, отанын, ұлтын, халқын тіпті адамзатты сүюді жақтайтындығын көреміз. Сол үшін Абай хәкім де:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланың жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, – деуі осы сүйіспеншіліктің қаншалықтың құнды қасиет екендігін көрсетеді» деп атап өтті ұстаз Өсімхан Тілеуов.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.