Мақат ауданында қайырымдылық шарасы өтті

Мақат ауданының орталық мешітінде қайырымдылық шарасы өтті. Шара аясында 12 отбасына азық-түлік пакеттері табыс етілді.

Әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы, мұқтаж шаңырақтар қамтылған ізгілік шарасы аясында Мақат ауданының бас имамы Біләл Сағындықов рухани насихат айтты.

«Басқа түске қиындықтар мен ауытпалықтар болашақтағы әлдебір жақсылықтар үшін де жіберілуі мүмкін. Яғни қайыр деген сөздің мағынасын осы арада түсінеміз. Жалпы алғанда не нәрсенің болсын қайырын тілеген абзал. Жақсылықтың да, жамандықтық да. Қазақ әсіресе қиын кездері қайырын берсін деп жатады. Демек әр қиындықтың қайыры болғаны. Ненің бізге қайырлы, ненің қайырсыз екенін Алладан артық ешкім білмейді» деп атап өтті ұстаз Біләл Сағындықов.

Еске сала кетелік, жыл басынан бері Атырау облысы бойынша мещшіттерде 260 отбасына қаржылай, азық-түліктей және киім-кешектей көмек берілді.