Мақат мешітінде сиыр малы құрбандыққа шалынып, ел үшін дұға жасалды

amin.kz/ 7 шілде, 2020 жыл. Мақат ауданының орталық мешіті мүфтияттан бастау алып, Атырауда жалғасқан құрбан шалу рәсіміне қолдау білдірді.

Мақат ауданының орталық мешітінде ел амандығы үшін дұға жасалып, сиыр малы құрбандыққа шалынды.

“Алладан еліміздің амандығын, қауіпті дерт жұқтырып қиналып жатқандардың сауығып кетуін сұрап жасалған дұғадан соң, құрбан малының еті мақаттық мұқтаж отбасыларға таратылды. Сонымен бірге, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік қоса жеткізілді. Жағдай қандай күрделі болса да, иісі мұсылман жақсылықтан үміт үзбей, мүмкіндігіне қарай қайырымды істермен айналысуы керек” дейді Мақат ауданының бас имамы Біләл Сағындықов.

Еске сала кетелік, бұған дейін орталық “Иманғали” мешітінде 8 ірі – қара, 10 қой малы құрбандыққа шалынды. Құрбан малының еті бүгін 200 мұқтаж отбасына таратылған еді.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз – қызметі.