Атырау облысы, Мақат ауданында «Той – тәрбие мен тағылымның ордасы: Құдайы ас жарыс емес, сауап» тақырыбында тағылымды жиын өтті.
Іс-шара Мақат ауданының бас имамы Біләл Сүннетқожаұлының бастамасымен ұйымдастырылды. Жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақберген Батиханұлы, ардагерлер, әжелер, той және садақа жүргізетін асабалар, тойхана иелері, мәдениет саласының мамандары мен кент әкімдігінің жауапты мамандары қатысты.
Басқосуда ұлттық салт-дәстүрді сақтау, той өткізу мәдениетін қалыптастыру, ысырапшылдыққа жол бермеу және құдайы асты бәсекеге айналдырмай, оның шынайы мақсаты – марқұмдарға дұға бағыштап, сауап жасау екенін түсіндіру мәселелері талқыланды.
Қатысушылар қоғамдағы той мен садақа мәдениетіне қатысты өз ойларын ортаға салып, ортақ пікір алмасты. Сондай-ақ көпшілікке үлгі болатын ізгі дәстүрлерді қалыптастыру, ас пен тойдың тәрбиелік мәнін арттыру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Жиынның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, қарапайымдылықты, үнемшілдікті және өзара жауапкершілікті насихаттау.




