Марат Бектазинов діни насихатта әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланудың жолын айтты (+ ВИДЕО)

Бұл туралы ҚМДБ-ның бөлім меңгерушісі Марат Бектазинов Атырау облысына сапары аясында жергілікті имамдармен кездесу кезінде тоқталды.

Спикердің пікірінше, әр дін қызметкері әлеуметтік желілерді сапалы діни контентпен толықтыруға атсалысуы қажет.

«Яғни, дін қызметкерлерінің әлеуметтік желілерде жеке парақшалары болуы керек. Мешіттердің ресми парақшаларымен бірге, жеке парақшаларда тікелей эфирлер көбірек ұйымдастырып, сапалы видео, графикалық материалдар жүктеуге назар аударған жөн. Сұрақ-жауап айдарын тұрақты жүргізудің өзі аудиторияның қызығушылығын оятуға ықпал етеді» дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов.

Атап өтерлігі, дініміздің өзі ақпараттық насихаттан тұрады. Жаһандану дәуірінде әлеуметтік желінің маңызы тіптен артып келеді.

«Атырауға сапар аясында, әлеуметтік желіде белсенді жұмыс атқарып жүрген имамдарымызға ақпараттық, әдістемелік қолдау көрсету мақсатында біраз тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды. Ақпараттық – насихаттық жұмыс бағытында Атырау облысы өзге өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай алда.

Және мүфтияттың Атырау облысы бойынша өкілдігіне қарасты amin.kz сайты қарқынды жұмыс атқарып келеді» деп атап өтті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов.

Еске сала кетелік, қазіргі уақытта Атырау облысында 33 мешіт жұмыс істеп жатыр.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.