Марсқа көшіп барса, адамзат ақырзаманнан құтыла ма?

Сұрақ: Қиямет Жер планетасында бола ма? Әлде бүкіл ғаламда бола ма? Илон Масктің «Марсқа көшіп барса, адамзат ақырзаманнан құтылады» деген идеясын қалай түсінуге болады?

Жауап: Алла Тағала Құранда:  «Түн мен күндізді, күн мен айды жаратқан бір Өзі. (Күн мен ай секілді аспан денелерінің) әрқайсысы өз бағытымен жүзіп жүр», – деп хабар береді (Әнбия» сүресі, 88-аят).

Күн жүйесінде Күн және оны айнала қозғалатын 9 үлкен планета (Меркурий, Шолпан, Жер, Марс, Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун және Плутон) бар. Оған қоса, планета серіктері, астероид, комета және толып жатқан метеорлық денелер бар. Біздің галактикадан бөлек, басқа жұлдыз шоғырлары да сансыз көп.

Планеталар массасына, химиялық құрамына, айналу жылдамдығына, серіктерінің санына қарай екі топқа бөлінеді. Күнге жақын орналасқан төрт ғаламшар (Меркурий, Шолпан, Жер және Марс) аса үлкен емес, негізінен металл мен тастан тұрады. Оларды ғылымда «жерлік ғаламшарлар» деп те атайды. Алып планеталар – Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун және Плутон әлдеқайда көлемдірек, олар негізінен жеңіл заттардан (сутек, гелий, метан, т.б.) құралған.

Соңғы кезде әлімнің ең бай адамы Илон Маск «планеталардың ішінде жерден басқа Марс планетасы адам баласы өмір сүруге қолайлы, тіпті сол жаққа көшіп барса, адамзат ақырзаманнан құтылады» деген идеяны алға тартуда. Бірақ Құран Кәрім аяттары, исламдық діни сенім оның құр қиял екенін көрсетеді.

Біріншіден, осы тоғыз планета ішінде жер шары – біздің құтты үйіміз, ыстық отанымыз. Себебі Алла Тағала адамзатқа: «Жерде сендер үшін біршама уақытқа дейін тұрақтайтын мекен әрі игіліктер бар. Бұдан былай жер бетінде тіршілік етіп, сол жерде көз жұмасыңдар және (өлгеннен кейін қайта тіріліп) жерден шығарыласыңдар», – деді («Ағраф» сүресі, 24-25 аяттар). Бұл аятта адам баласының осы топырақта дүниеге келетіні, осында қайтыс болып, жерленетіні және осы жерде қайта тіріліп, жиналатыны айтылуда. Демек адам баласының барлық тағдыры осында өтпек. Басқа жақта оған өмір, тіршілік жоқ. Сондықтан оның жерден басқа планеталардан тұрақты орын іздеуі бос әурешілік. Дегенмен біреулер болашақта жерден басқа мекен етіп тұратын бір планета тапса да, бұл Алла Тағаланың үкімін өзгерте алмайды.

Екіншіден, Жаратушы Иеміз адам баласын жаратып, оған жерді мұра етіп берді. Бұл туралы Құранда: «Ол сендерді жер бетінде халифалар қылды (яғни, Алла сендерді жер бетін көркейтетін, Өзінің үкімі, орнатқан заңы бойынша өмір сүріп, өзге жаратылыстарды меңгеретін өкілі етіп қойды)», – делінген («Фатыр» сүресі, 39-аят). «Жердің халифасы» сөзінен бірінің артынан бірі келетін, сонда өмір сүретін, жердегі бар нәрсені толық пайдаланатын, ондағы барлық жаратылыс оған қызмет ететін, үкімін жүргізетін, қожайын деген мағына түсініледі. 

Үшіншіден, «басқа планеталар адам баласы үшін өмір сүруге қолайлы мекен» деген ой дұрыс делік. Бірақ қиямет болғанда жер шарымен қоса Күн жүйесіндегі барлық планеталардың қирайтыны туралы Алла Тағала Құранда былай баяндайды: «Күн оралып, сәулесі сөнген кезде, жұлдыздар бытырай төгіліп, жарығы өшкен кезде» («Тәкуир» сүресі, 1-2 аяттар), «Қатты үрейден көздер қарығып, қарауытқан, ай тұтылған және күн мен ай бір-бірімен тоғыстырылған кезде, міне сол күні адам баласы: «Қашатын жер бар ма?!» – дейді. Жо-жоқ, (ол күні) бас сауғалап, паналайтын жер жоқ! Ол күні бәрінің барар жері Раббыңның құзыры болмақ» («Қиямет» сүресі, 7-12 аяттар).

Хасан АМАНҚҰЛ

«Мұнара» газеті, №4, 2021 жыл