Мәуліт мерекесінің мәні мен маңызы неде?


Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді.

Адамзаттың асылы, Пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған уақытына байланысты атап өтілетін күн мәуліт деп аталады. Бұл – дінде әу баста болмаған, кейіннен енгізілген нәрсе. Әйтсе де, көпшілік ғұламалар мәулітті бидғат хасана, құптарлық жақсы жаңалыққа жатқызады. Оған нақтылы дәлелдері де бар.


Қиямет күнгі шапағатшымыз, ұлы ұстазымыз, жолбасшымыз Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған күнін атап өту бәрінен гөрі лайықтырақ емес пе?! Қазіргі біздің жағдайымызда мәулітті атап өту тіпті міндетті десек те болады.

Себебі, басқаны қойғанда мұсылмандардың өзінің арасында өміріндегі басты идеалы болуы тиіс Пайғамбардың аты-жөнін де жөнді білмейтін, діни ұстанымдарын дұрыс түсінбейтін жандар бүгінде жетерлік. Сондықтан мәуліт мейрамының аясында біз Пайғамбар туралы, Оның алдындағы міндеттеріміз, сүннетін сақтау жайында мешіттерімізде, іс-шараларымызда, жиындарымызда жалпы халыққа молырақ мағлұмат беріп, дініміздің тағылымдары жайлы үгіт-насихат жүргіземіз.

Осындай зор мүмкіндікті бос жібермей, орнымен пайдалануға тырысамыз. Расында, бұл дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы бір сәті. Әлемдердің Раббысы Пайғамбардың сипаты туралы: «Біз сені әлемдерге рақым етіп қана жібердік»,- дейді. «Әнбия» сүресі, 107-аят.

Думан БАЛЫҚШИЕВ,

Жылыой аудандық мешітінің наиб имамы.