Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының шешімімен елімізге танымал үш ғалым Ғұламалар кеңесіне мүшелікке қабылданды.
Бас мүфти шешімін кеңес мүшелері қолдап, оң пікір білдірді.
«Белгілі ғалымдарымыз Төрәлі Қыдырды, Ықтияр Палтөрені, Рашид Мұхитдиновты Ғұламалар кеңесіне мүшелікке қабылдау туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім кеңес жұмысына серпін береді деген сенімдемін. Өз саласының майталман ғалымдары пәтуаларды бекіту, академиялық кітаптар шығару сынды ағарту бағытындағы жұмыстарымызды ілгерілетуге үлес қосады деген үміттемін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Ежелгі дәуір әдебиеті және түркология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келе жатқан Төрәлі Қыдыр – филология ғылымының кандидаты, доцент, бірнеше ғылыми еңбектердің авторы. Төрәлі Еділбайұлы ҚМДБ-ның Ислам энциклопедиясын шығару бастамасы бойынша ғылыми зерттеу жұмысымен айналысуда.
Ықтияр Палтөре 2013 жылдың мамыр айында шығыстану мамандығы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми атағын иеленді. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті, Таяу және Орта шығыс кафедрасында оқытушылық қызметпен қоса 2010-2015 жылдар аралығында ҚР Орталық мемлекеттік архивінде архив қорларын пайдалану және жариялау бөлімінде жетекші маман болды.
2017 жылдың қыркүйегінен бастап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінің деканы қызмет атқаруда.
Рашид Мұхитдинов «Диуани лұғат әт-түрік» және араб лексикографиясы: тарихи негіздері мен теориялық принциптері» тақырыбы бойынша 2010 жылы филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғаған.
2017 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2019 жылдан бастап Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті Исламтану кафедрасында жұмыс істеп келеді.