Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісінде санитарлық талаптарды сақтай отырып ауызашарлар ұйымдастыру жайы қаралды.
ҚМДБ Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаев Рамазан айында санитарлық талаптарды сақтай отырып ауызашарлар ұйымдастыру, Ораза айт мерекесіне орай мешіт ауласына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастыру, Ораза айт күндері қарттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл сыйлау секілді іс-шаралар атқарылатынын жеткізді.
Марат Жаппасбаев пандемияға байланысты бұл жұмыстар барынша сақтықпен өтетінін айтты. Дегенмен Бас мүфти «жасыл аймақтарда» орналасқан өңірлер Рамазан айын мүмкіндігінше қалыптасқан дәстүрге сай өткізу қажеттігін айтты.
Төралқа мәжілісінде ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Талғат Омаров биыл бірнеше ірі жоба дайындалып жатқанын, оның ішінде «Рамазан керуені» сынды шалғайдағы ауылдарды қамтитын қайымдылық іс-шаралар бар екенін жеткізді.