Ұлық болсаң, кішік бол!

    Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын!

          Соңғы елшіміз ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сансыз салауаттар болсын!

           Кішіпейілділік – қашан да адам баласының бойынан көрініс табатын әсем сипаттардың бірі. Бүкіл дүниенің байлығы мен дүние мүлкі беріліп тұрса да адам баласы өзін өзгеден жоғары санаудың түбі қорлыққа апаратыны даусыз. Бұл дүниеден дана да, данышпан да, «Мен Құдаймын» деген тәкаппар пенделер де өткен. Демек бұл қамшының сабындай қысқа ғұмырда тек жақсылыққа жарысып, әр адам мүмдігінше өз өздерінің кем кетіктерін түзетіп, Алланың разылығына  лайықты құлшылық иесі болып өту ең басты құндылық. Бүкіл шартараптағы мұсылмандар үшін соңғы Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бойынан алатын көптеген үлгі өнегелер бар. Пайғамбарымыздың атақ – даңқы шартарапқа жайыла бастаса да кішіпейілдігі тереңдей түскен болатын. Алланың елшісі  жанындағыларға:

          «Мені христиандардың Мәриям ұлы Исаға жасағандарындай шектен тыс мадақтамаңдар, себебі мен бір құлмын, олай болса маған Алланың құлы және елшісі деңдер!» – деген. (Бухари, бәдул халқ, 1)

          Пайғамбарымыздың кішіпейілділігі соншалық, біреу келіп, «Менің үйімдегі мына жұмысқа көмектесіп жібер», – десе, барып көмектесетін (Қады Ияд, әш шифа 1, 131-133 беттер)

Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Алла Расулы үйінде қарапайым адамдар секілді киімін жамап, аяқ киімін жөндеп, үй шаруасына да әйелдеріне жәрдем ететін» – деп айтқан (Тирмизи «Шәмәил» 178)

          Мешіт құрылысында бәрі бір кірпіштен тасып жатқанда Алланың елшісі екі кірпіш тасып, ор қазу ісінде бәрі бір тастан тасығанда, беліне екі тастан байлап тасыған. Алдына келіп айтқысы келген сөзін жеткізе алмай дірілдеп отырған адамға: «Бауырым қорықпа! Мен де сен сияқты қара нан жеп өскен бір ананың баласымын» (Ибн Мәжә Әтима 30) деген Алланың елшісі адамзаттың ең сыпайысы, ең кішіпейілі еді.

          Қады Ияд Пайғамбарымыздың осындай тамаша қасиеті жайында:

«Хазіреті Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кішіпейілділігіне келетін болсақ, Алла Тағаланың оған нәсіп еткен жоғары дәрежесіне қарамастан ол кішіпейіл еді. Өркөкіректік оның табиғатына жат болатын. Ешқашан тәкаппарланбайтын. Солай болғандықтан атына мінгенде артына адам отырғызып, кедей-кепшіктің үйін аралап, пақырлармен әңгімелесетін. Құлдардың шақыруын қабылдап, қонаққа баратын. Сахабаларымен араласып, бір жиынға барғанда басқа адамдарды орындарынан тұрғызып әуреге түсірмеу үшін шеттегі бос орынға жайғасатын.» – дейді.

          Алланың елшісінің тұрмыс тіршілігіне көз салсақ қарапайым ғана өмір сүрген. Тіпті Алланың елшісінің үйінен біраз күнге дейін ыстық тамақ дайындалмайтын, жататын кереуеті құрманың бұтақтарынан тоқылған ши төсек, жейтін наны арпадан жасалынатын. Тіпті әйелдерінің бірі «Пайғамбарымыз бидайдан жасалған нанды» жемегенін айтады. Дүниенің байлығы қолында тұрса да Алланың елшісі қарапайымдылығы мен кішіпейілдігінен айныған емес.

          Қазіргі қоғамда ащы да болса шындығын айтсақ, қолына билік пен байлық түссе, кішіпейілділікті ұмытып, менменшілдік бойын лезде жаулайтын кейбір адамдар бар. Билік те, байлық та адам баласына уақытша берілгендігін баршамыз ұмытпауымыз ләзім.

          Кішіпейілділік өзге адамдарды сыйлаудан, олармен қарым-қатынас жасаудағы қарапайымдылықтан, өзінің қызметін дабырлатып марапаттамаудан көрінеді. Ондай адамның сөзі ұстамды келеді. Өзінің сезімін басқаларға білдіруге асықпайды. Қарым-қатынаста тұрақтылық басым болып, аумалы-төкпелілікке жол бермейді. Бірақ мұның бәрі қандай жағдайда да өз пікірін ашық айтуға кедергі келтірмейді. Өйткені, ол өзіне де, өзгеге де жоғары талап қояды.

          Кішіпейіл адам адамгершілігі мол, мейірбан болады. Кісіге қарасуға, қол ұшын беріп, жәрдемдесуге дайын тұрады. Кішіпейілділік жай нәрсе емес, ол – мінез, әлеуметтік мәртебе, көп қошемет тұтатын асыл қасиет болып табылады. Сол үшін де халық: «Кішіпейілділік – кішілік емес, кісілік» деп оның мәнін өте дұрыс айтып жеткізген.

Биік мансап,

Биік жартас,

Екпіндеп ұшып, қыран да шығады,

Еңбектей жылжып, жылан да шығады,– деген Абай атамыз.

Бұдан нені білеміз? Кішіпейілділік – сабырлы болу деген сөз. Осындай көзге көріне бермейтін үлкен қасиеттер адамдарды ізгілікке үндейді.

Нұрлан ЖАРҚЫМБАЕВ,

“Сұлтан Бейбарыс» мешітінің наиб имамы