Мүфтият жанынан ақсақалдар кеңесі құрылды

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Ақсақалдар кеңесі құрылып, кеңестің алғашқы жиыны өтті.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірзақ Озғанбайұлы, Амангелді Айталы, Бақытжан Ертаев, Оралбай Әбдікәрімұлы, Ғарифолла Есім, Смағұл Елубай, Жабал Ерғалиев, Марат Тоқашбаев, сондай-ақ ардагер имамдар қатысты.

ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қай дәуірде болмасын жастардың жасампаздығы үлкендердің көңілінен шыға қоймаған. Әйтсе де, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Жастардың ең жақсысы – кәрілерге ұқсағаны» деп айтқандай, яғни, түр-әлпеті емес, жүріс-тұрысынан даналық есіп тұратын жас буынның қалыптасуына көпті көрген үлкендердің әсері мол. Біз көбіне қоғамда, тұрмыста, отбасыда болып жатқан келеңсіз жайттардың салдарымен күресуге әдеттеніп алдық. Енді салдарымен емес, себебімен күресетін уақыт әлдеқашан жетті.

Осы орайда біз қазақ халқының ертеден келе жатқан ақсақалдар институты мен әжелер мектебін жандандыруымыз қажет. Осы мақсатта тиісті іс-шараларды қолға аламыз. Атап айтқанда, Ақсақалдар кеңесін құрып, республикалық Ақсақалдар форумын, сондай-ақ «Қоғамдағы әйелдің рөлі» тақырыбында республикалық әжелер форумын өткіземіз. Бұл іс-шаралар қоғамға оң әсер етеді деп сенемін. Дуалы ауыз қарттарымыз Діни басқарманың қоғаммен байланыс бағытындағы жұмыстарына жаңа серпін беретініне сеніміміз кәміл» деді.

Жиынға қатысушылар кеңес жұмысын жандандыруға қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, дін мен дәстүрді насихаттау, жастарды адамгершілікке баулып, зиянды әдеттер мен жат діни ағымдар жетегіне еріп кетуден сақтау жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

Сондай-ақ, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кеңестің жүйелі түрде жұмыс істеуіне жауапты маман, Ақсақалдар кеңесінің хатшысы ретінде Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, осыған дейін бірнеше өңірде бас имам қызметін атқарған Нұрбек Есмағанбетті тағайындағанын мәлімдеп, жиын қатысушыларына таныстырды. Сонымен қатар, кеңес мүшелеріне айрықша алғысын білдіріп,  игі тілегін жеткізді.