Мүфтият жанынан Бас редакторлар алқасы құрылды

Елордада өткен ҚМДБ журналистерінің «Ізгілік жаршысы» республикалық медиафорумы аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Бас редакторлар алқасы құрылды.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен жиынға «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп, «Айқын» газетінің бас редакторы Амангелді Құрметұлы, «Túrkistan» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, «Мұнара» газетінің бас редакторы Серікбол Хасан, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай және белгілі тележурналист Зейін Әліпбек қатысты.

ҚМДБ Төрағасы баспасөздің қоғамдағы рөлі мен маңызын айта келе, журналистердің ізгілік пен бірліктің жаршысы екеніне басымдық берді. Бас мүфти БАҚ басшыларын ел игілігі үшін бірлесе қызмет етуге шақырып, алқа аясында пікір алмасу һәм ойласу отырысын өткізіп тұруды ұсынды.

Басқосуда Бас редакторлар елдегі діни мәселелерге байланысты дер кезінде түсініктеме беру, мұсылман әлеміндегі діни ахуал, дін мен дәстүр сабақтастығын көбірек насихаттау жайлы ой алмасып, БАҚ беттерінде жұртты имандылыққа үндейтін материалдардың шығуына ықпал етуге уағдаласты.